БАЛАНЫ ЖАСТАЙЫНАН ЕҢБЕККЕ БАУЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ
Баланы жастайынан еңбекке баулу – бала тәрбиесінің ең маңызды бөлігі. Неғұрлым еңбекке ерте бейімделген бала соғұрлым іске епті келеді. Сондықтан балаға ойнап болған соң өз ойыншықтарын өзі жинауын үйрете беріңіз. Баланы 3-4 жасынан бастап-ақ ата-анасына кішігірім істерде «көмекші» ретінде пайдалану керек.
👦🏻 Мысалы, ұл балаға:
✔️ «балғаны алып кел»
✔️ «ыдыстағы суды сыртқа төк»
✔️ «кітаптарды орнына апарып қой»
✔️ «қарындасыңның бауын байлап бер»;
👧🏻 ал қыз балаға:
✔️ «нанның бетін жауып қой»
✔️ «үйдің есігін жап»
✔️ «аяқ киімдерді жинап қой»
✔️ «мына сүлгіні алып өз бөлмеңнің есігін сүртіп кел»
деген секілді кішігірім жұмыстарды тапсыруға болады. Ал, ең бастысы, бұл істің дұрыс әрі тиянақты орындалуын қадағалап, кейін балаларыңызды осы үшін марқайтып қойсаңыз, олар үшін бұл – үлкен қуаныш!
***
Кейде балалар тапсырған ісіңізді атқара алмай бүлдіріп қоюы да мүмкін. Ондай кезде мұның бәріне алдын-ала дайын болып, оған дауыс көтермей, түсіністікпен қарағаныңыз абзал.
***
Баланың әрбір жақсылығына алғыс айтуды, оны арқасынан қағып жігерлендіріп тұруды әдетіңізге айналдырыңыз. Міне, сол кезде ол өзін нағыз «адам» ретінде сезініп, өзгелерге пайдасын тигізуге құлшынып тұратын болады.
***
Мектеп жасындағы баланы шөп түсіру, көмір кіргізу, өрістен мал айдап әкелу, үйге тазалық жұмыстарын жүргізу деген секілді көлемді жұмыстарға да араластыруға болады. Үй жұмысына үлкендермен бірге балалардың да қатысуы олардың арасындағы қарым-қатынасты арттыруға, балалардың үлкендерден кәсіп үйреніп, оларды өздеріне үлгі тұтуына септігін тигізеді. Әсіресе, балаға сыр айту, оған біреудің затын апарып беру, хат тасу деген секілді маңызды істерді тапсыру – оның жауапкершілік қабілетін оятады. Мысалы, сахаба Әнасты (р.а) 8 жасында анасы Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп, оның қызметінде болуын өтінген. Сол сахаба он жыл бойы Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көмекші болып жанында жүріп, саңлақ сахаба ретінде аты тарихта қалды. Алла Елшісінің ﷺ өзі де бала кезінде сүт бауырларымен бірге қозы баққанын, ағасы Әбу Тәліпке көмектесу үшін қой баққанын білеміз. Демек, еңбекпен шыңдалған бала шалыс басу, қылмыс, төбелес сынды әдепсіз қылықтарға уақыт жұмсамай, ата-анасына, үлкендерге қолғабыс жасауға құлшынып тұратын болады.
#асыларна #asylarna #asylarnatelekanal #бала #балатәрбиесі #балағаақылайту #қайсарлық #ата_ана #ұрпақтәрбиесі